ҚМГ газ және мұнай-газ химиясы жобаларын қарқынды дамытып келеді
29.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) 2030 жылға қарай тауарлық газ өндіру көлемін жылына 2,4 млрд м³-ден 4,5 млрд м³ дейін, ал сұйытылған мұнай газын 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Астана қаласында өтіп жатқан ENERGY TRENDS: Gas & Petrochemicals конференциясында ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов компанияның негізгі газ және мұнай-газ химиясы жобалары туралы айтып берді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ҚМГ газ өндіру деңгейін ұлғайтуға және газ өңдеу зауыттарын дамытуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Басым жобалардың қатарында — Батыс Қазақстан облысындағы Рожков кен орнын игерудің екінші кезеңі, Атырау облысындағы Батыс Прорва, Ақтөбе облысындағы Орталық Өріктау кен орнын жайластыру жобалары бар.
— Бұл инвестициялық жобалар толық іске қосылғаннан кейін жылына қосымша шамамен 2,1 млрд м³ тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі, — деді Ә.Мағауов.
Атырау облысында ең ірі жобалар іске асырылуда – полиэтилен өндіретін зауыт, газ сепарациялау кешені және этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистралды құбырлар.
Биылғы қыркүйек айында болашақ полиэтилен зауытының алаңында биіктігі 100 метрден асатын этиленді фракциялау бағанасын монтаждау жұмыстары аяқталды. Бірегей жабдық отандық «АтырауНефтеМаш» кәсіпорнында жасалды.